«Таразэнергоорталығының» екінші тынысы

«Таразэнергоорталығының» екінші тынысы
ашық дереккөз
«Таразэнергоорталығының» екінші тынысы

Инвестициялық бағдарлама бірінші кезекте орындалады

Табиғи монополияларды реттеу агенттігі облыстық департаментінің ұйымдастыруымен «Таразэнергоорталығы» акционерлік қоғамында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен инвестициялық міндеттемелердің орындалуы туралы баспасөз туры өткізілді. Онда қоғам президенті Мырзахан Бұрханов осы орайда атқарылған және атқарылатын істері жайында жан-жақты баян етті. 

– Біз инвестициялық міндеттемелердің орындалуын бірінші орынға қоямыз. Себебі, сонда ғана кәсіпорында қондырғылардың техникалық жағдайы жақсарады, станса мен қазандықтардың техникалық-экономикалық көрсеткіштерін көтеру арқылы жалпы қаржылық жағдай қалыпқа келіп, өндірістік апаттар мен қауіп-қатерлердің алдын алуға мүмкіндіктер туады. Осы мақсатта жыл сайын жылу қуаты тарифінде инвестициялық жоба жасалынып, қабылданады, – деп сөз бастаған Мырзахан Қожахметұлы саладағы жетістіктерді дәйекті дәлелдермен баян етті.

Мәселен, 2009 жылдан бастап жылу қуаты тарифінде қарастырылған инвестициялық бағдарлама бойынша жаңғырту мен жаңартуға, сенімділікке және қуатты тиімді пайдалануға бағытталған 30 іс-шара орындалған. Оның ішінде қуатты тиімді пайдалануға бағытталған 3 іс-шараға 46 миллион 659 мың теңге қаралған. Ал, жаңғырту мен сенімділікке бағытталған 27 іс-шараға қаралған қаржы – 207 миллион 641 мың теңге. Бұл іс-шараларды жүзеге асыру қаланы температуралық кестеге сәйкес үздіксіз жылу және электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Негізгі қондырғылар жұмысында апаттық оқиғалар орын алмаған. Кәсіпорын басшысы осылардың ішінде 2013 жылы жылу қуаты тарифінде қарастырылған инвестициялық бағдарлама бойынша жүзеге асырылған 22,66 миллион теңгеге жоспарланған 2 іс-шараны ерекше бөліп атады. Оның бірі – «ТЭО-4-тің» тораптық сораптарында «СЭ-1250-140» желілік реттеу қондырғыларын «630 кВт», «U-0,66 кВ» электр тежегішімен орнату іс-шарасы. Бұл іс-шара толық көлемде 21 миллион 29 мың теңгеге орындалды. Негізгі қолдану мақсаты электр қуатының тұтынымын азайтуға, нақтылап айтқанда тораптық суды айдауға электр қуаты тұтынымын тиімді пайдалануға бағытталған. Тек тораптық сорапта жиілікті қондырғысын орнату нәтижесінде 2013 жылы және үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 3432 мың кВт қуат немесе 23 миллион 360 миллион теңге үнемделді. Екіншісі – жылжымалы «Testo 350» талдаушы құралын алу. Бұл іс толық көлемде 1 миллион 631 мың теңгеге жүзеге асырылды. Аталмыш құралды алу нәтижесінде қазандықтар жұмысының технологиялық параметрлерін бақылап, бағдарда ұстауға мүмкіндік туды. Түпкі нәтижеде отынның ең аз шығынына қол жеткізіліп отыр. Сонымен қатар, ауаға залалды шығындардың таралу мөлшері елеулі азайған. Қуатты тиімді пайдалану іс-шаралары бүгінгі таңда экономикалық тиімді нәтижелер беруде. Баспасөз турында кәсіпорын басшысы журналистердің сұрақтарына жауаптар берді. Мәселен, өткен жылы өндірілген 1 гекакалория жылу қуатының өзіндік құны 4182 теңге болғанына қарамастан, жеке тұлғаларға әрбір гекакалория жылу 2169 теңгеден босатылады. Қазіргі кезеңде тұтынушыларға ыстық су беруді уақытша тоқтатудың жай-жапсары жөнінде қойылған сұраққа жауап берген Мырзахан Бұрханов: «Бұл сұрақтың бізге қатыстылығы ыстық суға байланысты. Ал, құбырларды жөндеу міндеті «Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына жүктелген. Олар жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың 28 маусымында аяқтауды көздеп отыр. Бірақ, көп мәселе пәтер иелері кооперативтерінің мүдделестігіне байланысты. Ал, біз құбырларда жөндеу аяқталған күні ыстық су беруге дайынбыз», – деді. Қысқасы, «Таразэнергоорталығы» акционерлік қоғамы алдағы жылу беру маусымына сақадай-сай дайындықпен баруға белсенді дайындықтар жүргізуде.

Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».

 

Ұқсас жаңалықтар